Орал қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы несие берілді.
– «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Ұлттық банкі «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» арнайы ұйымын құрған болатын. Халықтың жағдайын жақсартуды көздейтін бағдарлама бойынша ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз болса, бастапқы жарна несиеге алынатын үй құнының 20 пайыз мөлшерінде, сондай-ақ несие мерзімі 25 жылға дейін есептелген. Аталмыш бағдарламаға баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ қазақстандықтар қатыса алады. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушының тұрақты расталған кірісі болуы қажет. Тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін пәтер бағасының ең жоғарғы шегі 25 миллион теңге болса, қалған өңірлерге 15 млн. теңге деп белгіленген. Ал ипотекалық қарыздар тек ұлттық валютамен беріледі. Нысаналы индикаторларға сәйкес ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды. Күні бүгін «Центркредит» банкі, «Еуразиялық» банк, «АТФ» банк, «Цеснабанк», «Халық» банкі, «РБК» банк және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «7-20-25» бағдарламасына қосылған. Жыл соңына дейін «Сбербанк» пен «Форте» банк те қосылмақ. Бұл банктер ипотекалық кредиттерді аталмыш бағдарламаның талаптарына сай беріп, «Баспана» арнайы ұйымы несиелерді сатып алады, – деді ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалының директоры Қозыбақ Әбуұлы.
Бағдарламаға қатысатын тұлға қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті, тұрғын үйінің жоқтығын растайтын анықтама, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуы тиіс.
Қозыбақ Әбуұлы айтып өткендей, бағдарламаға қатысты барлық ақпаратты www.baspana72025.kz сайтынан алуға болады. Сондай-ақ +7(727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша cоll-орталық тәулік бойы жұмыс жасайды. Ал қазір бағдарламаның мобильді қосымшасы әзірленуде.
Оставить комментарий